Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) — қазақ халық поэзиясының әйгiлi тұлғасы, өлең сөздiң дүлдүлi, жырау, жыршы. Туған жерi — Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегi. Топырақ бұйырған жерi — Алматы облысының Ұзынағаш елдi мекенi. Шыққан тегi — Ұлы жүз Шапырашты тайпасының iшiндегi Екей руы.
Жамбылдың өсiп-өнген топырағында ән-күй, ақындық –жыраулық өнер айрықша биiкке көтерiлген. М. Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнерi ХIХ ғасырдан бергi жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетiсу, оңтүстiк өлкелерiнде шоғырлана бастайды» деуiнде үлкен тарихи себеп бар. Бiрiншiден, Қазақстанның өзге өңiрлерiн ертерек шарпыған отаршылдық ел iшiнiң дәстүрлi қалпына өктемдiгiн жүргiзiп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетiсу алабы әзiрше қағаберiсте едi. Екiншiден, бұл өңiрдiң ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрi шын мәнiнде ХIХ ғасырдан бергi жерде айрықша биiк өреге көтерiлiп едi. Осы кезеңде Жетiсуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуi, Бiржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әншi-ақындардың келуi, Таластан — Жалайыр Түбектiң келуi, оңтүстiктен — Майкөт пен Майлықожаның келуi, Атыраудан — Құрманғазының келуi, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебiне деген ұмтылыстарына байланысты едi.
Осындай өнер бесiгiнде тербелiп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезiнен ақ таныла бастаған . Ол бозбала шағының өзiнде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтiп, тiптен көршiлес қырғыз елiне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына iлiккен жас Жамбыл Жетiсудың дүлдүл ақыны Сүйiнбайға жолығып, оның арқалы өнерiне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрi жал –құйрығы сүзiлген жүйрiктей арындап, сол кездегi Айкүмiс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйрiктерiмен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестiрiп, қырғыздың көл-көсiр поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерiн одан әрi шыңдай түседi. Жамбыл ендi ақындық суырыпсалмалық өнерiне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерiн соны қырымен таныта бастайды.
Жамбылдың ақын-жырау ретiнде қалыптаса бастаған кезi Ресей отаршылдары — бiр жағынан, Қоқан хандығы — екiншi жағынан, жергiлiктi жандайшаптар- үшiншi жағынан қазақ халқын әлеуметтiк саяси қыспаққа алған шақ едi. Жаны сергек, санасы өрелi Жамбыл өзiнiң «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зiлдi бұйрық» сияқты өлеңдерiнде елдiң әлеуметтiк саяси өмiрiн ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершiлiкпен бедерлейдi. Жамбыл Қазан төңкерiсiнен кейiнгi елдiң саяси-әлеуметтiк өмiрiндегi тарихи өзгерiстерге үлкен үмiтпен ден қояды. Оның «Туған елiм» атты толғауы 1936 жылы жарық көрiп, онан соң орыс тiлiне аударылған нұсқасы «Правда» газетiнде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкiл әлемге жайылды. Халқына қадiрi артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерiн селдетедi. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өмiрiндегi табыс пен жаңғыруларды, жеңiс пен ерлiк iстердi ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкiрегiнен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.
Жамбыл — әрi эпик, әрi айтыс ақыны; абыз жырау әрi жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биiк парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлiгiмен ғана емес, сонымен бiрге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бiр бәйтерегi болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшiн бастаған даралығымен де өлшенедi. Оның сөздерi ұранға айналып, өзi халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрiн, қазақ сөз өнерiндегi ғажайып импровизациялық үрдiстi бүтiндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл — iзгiлiк жолындағы азатшыл азаматты нәсiлiне, ұлтына бөлмеген шын мәнiндегi интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңiз түбiнде шашылып жатқан маржан секiлдi. Оны жинап алып халқының қолына беру — бiздiң әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» — деген едi Сәкен Сейфуллин. Жамбыл — жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесi, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгi бiрге жасай бередi.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнiң ондаған тiлiне аударылып дүние жүзiне тарады. Жамбыл көзiнiң тiрiсiнде ақ КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атағын алып, өзiнiң де, халқының да даңқын дүйiм дүниеге паш еттi. Жамбыл бейнесi қазақ өнерiнiң барлық түрiнде, барша жанрында шабытпен бедерленiп, ұлттың рухы биiк ұлы тұлғасы екенiн әйгiледi. 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды.
1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өттi. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тiлiнде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин орденiмен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгiсi» ордендерiмен марапатталған.
Қаралым саны: 1824