ӘУБӘКIРОВ ТОҚТАР (1946)

Жас кезiнен алдына қалайда ұшқыш болуды мақсат етiп қойған арманшыл жандардың бiрi Тоқтар Әубәкiров 1946 жылы 27 шiлдеде Қарағанды облысының Бiрiншi Май ауылында туған. Ата-анасынан жастай жетiм қалған ол апасының қолында тәрбиеленедi. Тоқтар үшiн өзi балалық шағын өткiзген аяулы мекенiн көк жүзiнен көру арман болды. Балаң жiгiт, ең алдымен, бос уақытында аэроклуб үйiрмесiне қатысып, парашюттен секiруге әуестендi. Осылай асыл арман аясында жүрiп ол орта мектептi бiтiрген соң, Армавирдегi ұшқыштар училищесiне оқуға түстi.

Инженер-ұшқыш атағымен училищенi бiтiрген Тоқтар Қиыр Шығыста жұмыс iстеп жүрiп, 1-класты әскери ұшқыш атағын иелендi. Өз iсiн жетiк меңгерген маман ретiнде ол аса жауапты да қиын жұмыстар атқарды: түрлi маркадағы бiрнеше әскери ұшақты сынақтан өткiздi. Албырт жастың әлi де алдына қойған мақсаттары көп едi, ақыры ол өз арманына жеттi. 1986 жылы «Тбилиси» авиакрейсерiне «МИГ-29К» дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын қондырып алып, сол кемемен әлемде тұңғыш рет трамплиннен ұшып шықты. Осы батырлығы үшiн Т.Әубәкiровтiң есiмi Гинестiң рекордтар кiтабына жазылды.

Тоқтар 50-ден астам жаңа ұшақтарды сынақтан өткiздi. Осындай өмiрiне аса қауiптi сынақтарды жүзеге асырғаны үшiн ер жүрек жiгiтке Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Қазақ жiгiтi Отан алдында жасаған ерлiк әрекеттерiн әлем жұртшылығы алдында дәлелдеуiн осылай бастады.

Өз өмiрiндегi ең бiр шуақты сәт жайлы Тоқтар былай деп әңгiмелейдi: «Ол кезде ғарышқа тек Тоқтар Әубәкiров емес, бүкiл Қазақ баласы ұшып бара жатты. Сонда мен рапортты басқа тiлде беруiм керек пе? Рас, ол уақытта мен Қазақ тiлiн жете бiлмейтiн едiм. Себебi 30 жыл ғұмырым орыстар арасында өттi. Сонда да тiлiмдi бұрап: «Мен қазақпын! Мен ұшуға дайынмын! Қазақ халқы үшiн!» — дедiм. «Кемеңiз от алып, жерден көтерiлiп бара жатқанда, қандай сезiмде болдыңыз?» — дейсiң. Жалпы, ғарышкерлердiң арасында жазылмаған мынадай заң бар. Ғарыш кемесi көтерiлер сәтте «поехали» деп айту керек. Ол сөз Ю.Гагариннен қалған. Бiрақ мен осы дәстүрдi бұзып: «Халқым, сен үшiн отқа да, суға да түсуге дайынмын!» — дедiм. Қазақша айттым, ол сөздерiм таспада бар».

Ресейдегi әскери қызметтен босаған соң, Тоқтар Әубәкiров тәуелсiз мемлекетiмiздiң ғарыш саласындағы iстерiне басшылық жасады, Елбасының ғарыш iстерi жөнiндегi кеңесшiсi болды. Тоқтар Әубәкiров — техника ғылымдарының докторы (1998), профессор (1997), Кеңес Одағының еңбек сiңiрген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры (1995). Қазiр Тоқтар Әубәкiров — Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, халық қалаулысы. Елiмiзде туындап отыратын күнделiктi мәселелерге белсене араласып, олардың оңтайлы шешiлуiне үлесiн қосуда.

15.03.2021
Қаралым саны: 1960