Скотт Вальтер (1771-1832)

Скотт (ағылш. Scott) Вальтер (15.8. 1771, Эдинбург — 1.9.1832, Эбботсфорд) — әлемге әйгілі ағылшын жазушысы, тарихи роман жанрының негізін салушы, ақын, тарихшы, адвокат. Вальтер Скотт – XIX ғасыр әдебиеті тарихында ерекше орын алатын көрнекті тұлғалардың бірі.

Скоттың жас кезінен Шотландияны аралауы халық өмірімен ерте танысуына себеп болды. Алғаш аударма жұмысымен айналыса жүріп, “Иван кеші” (1800) атты романтикалық балладасын жазды. Оның 3 томдық “Шотландия шекарасының халық әндері” (1802 — 03), “Соңғы Менестрель өлеңі” (1805), “Мармион” (1808), “Көл қызы” (1813), “Рокби” (1913), т.б. романтик. туындылары Скоттың есімін әлемге кеңінен танытып, даңқын асырды. “Соңғы Менестрель өлеңінде” басқа да поэмаларындағыдай шындық пен фантастика, тарихи фактілер біртұтас байланыста өрбіген. Ортағасырлық қорғандар мен шотландиялық әсем табиғат, аңшылық пен ертегідегі секілді оқиғалар тәптіштей баяндалған. Шотландия тарихына арналған “Уэверли” (1814), “Гай Маннеринг” (1815), “Антикварий” (1816), “Пуритандар” (1816), “Роб-Рой” (1818), “Лорд Байронның өлімі” (1824), “Наполеон Бонопарттың өмірі” (1 — 9 т., 1827), “Шотландияның тарихы” (1-3 т., 1829 — 30), т.б. шығармаларында шотланд халқының өмірі суреттелді. 1820 жылдан бастап ол шотландия тақырыбынан қол үзбестен, ағылшын, француз тарихына көп мән берді. Англия тарихына арналған “Айвенго” (1— 3 т., 1820), “Монастырь” (1820), “Аббат” (1820), “Кенилворт” (1 — 4 т., 1821), “Квентин Дорвард” (1 — 3 т., 1823), “Вудсток” (1826), т.б. романдары бірнеше ғасырлар аралығындағы (12 ғ-дың аяғынан 19 ғ-дың басы) Англия мен Шотландияның тарихын қамтыды. Скот шығармалары “күйзеліс дәуірін”, аумалы-төкпелі уақытты суреттеді. Скоттың туындыларындағы басты мәселе — уақыт пен жергілікті әдет-ғұрыптар. Жазушының басты мақсаты — азаттыққа ұмтылған ерлік рухты көрсету. Шығармаларында кейіпкерлер бейнесін ашып көрсетуде адамгершілік мәселелеріне басты назар аударған. Жазушының “Айбынды батыр Айвенго” романы қазақ тіліне аударылды (1981).

04.03.2021
Қаралым саны: 1665