МҰРАТБЕКОВ САЙЫН (1936-2007)

Сайын Мұратбеков 15 қазанда Алматы облысының Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында туған.

1957–1963 жж. ҚазМУ-де сырттай оқыған, 1971 жылы Мәскеудегi Жоғары әдеби курсты бiтiрген. 1954–1962 жж. туған ауылында колхозшы, мұғалiм, аудандық, облыстық газеттердiң әдеби қызметкерi, 1962–1972 жж. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиетi» газетiнде бөлiм меңгерушiсi, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесшi, Көркем әдебиеттi насихаттау бюросының директоры, 1972–1977 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетiнде жауапты қызметкер, 1977–1980 жж. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы, 1980–1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984–1986 жж. «Жазушы» баспасының директоры, 1988–1991 жж. ҚЖО-ның екiншi хатшысы болған. XI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты.

Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергi уақытта әңгiмелерi мен повестерiнiң «Менiң қарындасым» (1961), «Ауыл оты» (1964), «Көкорай» (1967), «Отау үй» (1968), «Жабайы алма» (1972), «Дос iздеп жүрмiн» (1973) жинақтары, таңдамалы шығармаларының бiр томдығы (1981), 1986 және 1991 жж. екi томдығы, 2004 жылы «Ескек жел» атты әңгiмелер жинағы жарық көрген. 1989 жылы «Қалың қар», 1995 жылы «Өлiара» повестерi кiтап боп шықты. Алматы баспаларынан орыс тiлiнде «Дом молодых», «Камен тугай», «Дикая яблоня», т.б. кiтаптары, Мәскеу баспаларынан әр жылдары жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кiтаптары, Ташкентте өзбек тiлiнде «Евшан иiсi», Қазанда татар тiлiнде «Әрем иiсi», украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан, литва, т.б. туыстас халықтар тiлдерiнде әңгiме, повестерi, араб тiлiнде «Жусан иiсi» повестерi мен әңгiмелерi жеке кiтап болып шықты.

Аударма саласында Ә.Әлiмжановтың белгiлi роман-повестерiн, сондай-ақ Г.Толмачевтiң Д.Қонаев, Н.Назарбаев туралы деректi повестерiн, Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақшалаған. «Тел өскен ұл» (реж. Ш.Бейсенбаев, 1976) кинофильм сценарийiнiң авторы. 2003 жылы «Жабайы алма» повесi үшiн Тәуелсiз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды.

«Құрмет Белгiсi» орденiмен марапатталған.

1990 жылы «Қалың қар» повесi үшiн Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi атағы берiлген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (2006).

15.03.2021
Қаралым саны: 1914