МАҚАТАЕВ МҰҚАҒАЛИ (1931-1976)

Мақатаев Мұқағали Сүлейменұлы (1931 жылы дүниеге келiп, 1976 жылы дүниеден өткен. Шын аты Мұхаммедқали) — қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзiнен кейiнгiлер үшiн мәртебесi биiк ақиық ақын.

Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазiргi Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күнi ақпанның 9 жұлдызында тойланады. Бұған тиiстi ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиiм 1931 жылы наурыз айының 8-iнде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкiн емес. Себебi балам мынау фәнидiң есiгiн ашқаннан бiраз уақыт кейiн Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтiп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екiншi ту¬ған күнiне байланысты мынадай сөз айта¬ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан¬да дүниеге келген. Бұл куәлiктi ақын ес бiлген кезде сол кездегi сайлау науқанына байланысты өзi жаздырып алған екен». Азан шақырып қойылған аты — Мұхаметқали. Әкесi қарапайым шаруашы: колхозда сушы, шалғышы болып iстеген. Мұқағали үйдiң тұңғышы болған, оның артынан бiр қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы iнiсi ерте көз жұмған. Соңғыларының есiмдерi — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрi бойынша үйдiң алғашқы баласы ата-әжесiнен тәрбие алуы тиiс, сондықтан Мұқағали әжесi Тиынның қолында өсiп, анасын жеңгесiндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендiктен, ақын тағдырдың ащы дәмiн ерте татады (Неңдi сенiң аңсаймын, бала шағым?). Мұқағалидiң әкесi 1941жылы Калиниград майданында қаза табады.

Ауыл орта мектебiн 1948 жылы бiтiрiп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерiнде болған. Кейiн аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған.

Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тiлдерi институтының немiс тiлi, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультеттерiнде оқып және Мәскеудегi М. Горький атындағы әлем әдебиетi институтында бiлiм алады.

Мұнан соң «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») газетiнiң (1962-1963 жылдары), «Мәдениет және тұрмыс» (қазiргi «Парасат») (1963-1965 жылдары), «Жұлдыз» (1965-1972 жылдары) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жылдары) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиетi мен өнерiнiң қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар iшiнде өзiндiк дара үнiн, суреткерлiк қайталанбас дарынын танытып, өнiмдi еңбектене бiлдi. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдiң бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менiң» (1975) атты жыр жинақтарын көзiнiң тiрiсiнде жариялап үлгердi. Мұқағали поэзиясының қайнар көзi, шабыт тұғыры туған елi, өскен жерi, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрiн Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлiкпен, тәңiрдiң таңдайынан төгiлгендей поэтикалық мiнсiз үйлесiммен, әр жүрекпен тiл табысар сыршыл да шыншыл сезiммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелi образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейiнде туындатып отырған.

Аз ғұмыры iшiнде бiрнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдiң сонеттерiн, Дантенiң «Құдiреттi комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейдi әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдерiне сазгер Н.Тiлендиев ән шығарған.

Ақынның тұңғыш өлеңдерi “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкiтай” ауданындағы “Советтiк шекара” газетiнде жарияланды (1949). “Iнiмнiң ойы”, “Шебер” өлеңдерi “Жастық жыры” атты жинаққа ендi (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжiбаев: “Өзiңнен де жiгерлiлеу, оттылау жас жеткiншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген едi (“Қазақ әдебиетi”, 18.3.1960).

Ол 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.

15.03.2021
Қаралым саны: 1938