ҚҰРМАНҒАЗЫ (1818-1889)

Құрманғазы Сағырбайұлы туып-өскен жерi Бөкей хандығы, қазiргi Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделi деген жер. Топырақ бұйырған орыны — Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазiргi «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер.

Шыққан тегi — Кiшi жүз, он екi ата Байұлынан өрбiген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетiншi атасы Ершi деген кiсi от тiлдi, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты — Берiш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезiнде асқан ерлiгiмен көзге түскен Ағатай батырдың есiмi исi Берiшке ұран болған. Одан берiдегi Өтемiс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бiр ғана Берiш руының емес, исi қазақтың ардақты ұлдары.

Құрманғазы сахараның даңғыл көкiрек дәулескер күйшiсi Соқыр Есжанның алдын көрiп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшiмен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшiлердiң өнерiнен өнеге алған.

Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсiресе оң солын танып, өмiр-тiршiлiкке белсене араласа бастаған кезi мейлiнше күрделi едi. Бұл кезең патшалық Ресей жүргiзген отаршыл саясаттың ең бiр қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезi болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттiң ауырлық тауқыметi ең алдымен еңсесi биiк ерлердiң иығына түсетiн әдетi. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кiсен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескi», «Терезеден-есiктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» сияқты күйлерi замана басқа салған зобалаңның бiр-бiр бекетi сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерiмен жауап берiп, өнерiмен белгi қалдырып отырған.

Құрманғазы өмiрге ғашық күйшi. Тiршiлiктiң нұрлы сәттерiне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезiмге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киiк», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлерi өмiрге iңкәр жанның жүрек лүпiлi сияқты.

Құрманғазыны суреткер ретiнде айрықша даралап көрсететiн қасиет — ол концептуалды күйшi. Бiр ұрпақ емес, екi ұрпақ емес, бiрнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететiн заманалық құбылыстарға бойлай үңiлiп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жiгер», «Көбiк шашқан», «Кiшкентай», «Ақбай» сияқты күйлерi өзi ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтiк болмысына берiлген күйшi философтың бағасы.

Құрманғазының асқақ рухы бiр ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурiндi дарынның болмысы бiртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерiстердiң барша қуаныш-қайғысы қашанда бiртуар перзенттерiнiң тағдыр-талайымен шендесiп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзiнiң қайталанбас өнерiмен ғана емес, өмiрiмен де туған халқының бүкiл қасиетiне, сол бiр алмағайып аласапыран кезеңнiң хал күйiне ең жарқын айғақ бола бiлдi. Ол өзiнiң қанатты күйлерiмен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршiл рухына қылау түсiрмей, замана тауқыметiн қайыспай арқалап ғұмыр кештi.

15.03.2021
Қаралым саны: 1782