Дмитрий Андреевич Фурманов (7.11.1891, Кострома губерниясы, Середа селосы — 15.3.1926, Мәскеу) — орыс жазушысы.
Шаруа отбасында дүниеге келген. 1912—1914 ж. Мәскеу университетінің филология факультетінде оқыды. 1-дүниежүзілік соғысқа қатысып, Ақпан революциясы]]нан кейін кеңес өкіметі жағына шықты. 1919—1921 ж. Азамат соғысы майдандарында (Чапаев дивизиясының комиссары, Түркістан майданы саяси басқармасының бастығы, т.б.) болды. Түркістан майданы саяси басқармасының Жетісудағы уәкілі болған кезінде Алматы қаласындағы ақ казактардың 1920 ж. 11 — 12 шілдеде жасаған кеңес өкіметіне қарсы бүлігін, кейіннен Кубаньға түсірілген врангельдік десантты талқандауды басқарды. 1924 ж. Мәскеу мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. 1924—1925 ж. пролетарлық жазушылардың Мәскеу қауымдастығының (МАПП) хатшысы болды. Шығармалары 1912 жылдан бастап жариялана бастаған. Неғұрлым белгілі шығармалары: “Қызыл десант" (1922), “Он сегізінші жылы” (1923) және “Бүлік” (1925) повестері, М.В. Фрунзе жөніндегі очерктер топтамасы, т.б. Фурмановтың “Чапаев” романы бойынша “Чапаев” (1934) кинофильмі түсірілді. Жетісудағы Азамат соғысы жөнінде “Бүлік” повесі мен романын жазды. Осы повесі мен пьесасы, “Чапаев” романы 20 ғасырдың 30-жылдарында қазақ тіліне аударылды. 2018 жылға дейін Алматы қаласындағы орталық көшелердің біріне Фурмановтың есімі беріліп келді.
Қаралым саны: 1793