Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазiргi Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетiм қалған, ол бiраз жыл ағасының қолында өседi.
Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебiнде оқып, сауатын ашады. Кейiн, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейiн тәрбиеленедi. Одан әрi қарай үш жыл Семей мал дәрiгерлiк техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерiн де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келiп, бiраз уақыт "Лениншiл жас" газетiнде iстейдi. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсiп оқиды. Бiрақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бiрер жылдан кейiн елге оралып, Орал қаласында "Екпiндi құрылыс" газетiне қызметке орналасады. Алғашқы өлеңдерiн Қ. Аманжолов Семейде жазған. Олар қабырға газетiне ғана басылып жүрген. Кейiн ол дәптерi жоғалып кеткен. Сондықтан 1930 жылдарға дейiн жазған өлеңдерi сақталмаған. 1930 жылы жазған өлеңдерi өзi қызмет iстеп жүрген "Лениншiл жас", "Қызыл әскер" және "Пионер" газеттерiнде жарияланған.
Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер еттi. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметiнен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзi көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсiп, аз уақыт iшiнде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегi өте зор едi. Осы кездерi Қ.Аманжоловтың ақындық, әншiлiк, артистiк таланты жұртшылыққа танылды.
1936-1941 жылдары Қ. Аманжолов Алматыға барып, "Социалистiк Қазақстан", "Лениншiл жас" газеттерiнде, Жазушылар Одағында қызмет iстейдi. Бұл кездерi ол өлеңмен қатар әр түрлi тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады.
1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы "Өмiр сыры" деген атпен жарық көредi.
Қасым қалың жұртшылыққа өзiнiң ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнiмен, домбра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемi өнерiмен де танылған. Ол өз өлеңiне ән шығаруды өте қызық көрген. "Дариға", "Туған ел" атты өлеңдерi бүгiнгi жақсы әндер тiзiмiне қосылады. Қ.Аманжоловтың бiрiншi өлеңдер жинағы 1938 жылы "Өмiр сыры" деген атпен шықты. 1940 жылы Қасым Маяковскийдiң он шақты өлеңiн аударып 1941 жылы "Бар дауыспен" деген атпен жеке жинақ етiп жариялады.
Қ. Аманжолов тек қана лирик емес, сонымен қоса эпик ақын. "Дүние қандай жап-жарық", "Сақыпжамал", "Күйiм тасып барады, күйiм тасып", "Жаным сәулем, еркешiм, қызыл гүлiм" атты өлеңдерi Қасымның лириктiгiн танытса, "Ақын өлiмi туралы аңыз", "Боран", "Бiздiң дастан", "Жамбыл тойында" атты поэмалары оның эпиктiгiнiң дәлелi.
Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештiң бес ұлы" секiлдi әсерлi, сыршыл сезiмге толы, лептi өлеңдерiн жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейiн "қанды қырғын, қып-қызыл өрттiң iшiнде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлiк мiндетiн жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен — Қазақстанын қақ жарып өтетiн жол әсершiл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебiрентедi. Соның нәтижесiнде "Орал", "Сарыарқа", "Байкал", "Өтiп бара жатырмын" тәрiздi тек Қасымның ғана емес, сол кездегi бүкiл қазақ поэзиясынық жетiстiгi болып саналатын өлеңдерi дүниеге келедi.
1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бiр ерекше, өлмес туындысы — "Ақын өлiмi туралы аңыз" атты поэма. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлiкпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Қасым майдан өлеңдерiн газет-журналдарға көптеп бастырумен қатар жаңа өлеңдер жазды. Осы кездерi оның "Бiздiң дастан" поэмасы жазылып, таңдамалары өлеңдер жинағы "Дауыл" деген атпен жарық көрдi. 1949-1952 жылдары Қ. Аманжоловтың "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтары "Таңдамалы шығармалар" жинағы басылып шықты.
1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрдi. Бiрақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерiнде өзiнiң ақындық өмiрi туралы жазатын. Бұған дәлел оның "Өзiм туралы" атты өлеңi. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының III сьезiнiң ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түстi. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгiлiкке көз жұмды.
Қаралым саны: 2019