БӨКЕЙХАНОВ ӘЛИХАН (1866-1937)

Әлихан ата тегi Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бiрi Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесi Нұрмұхамед. Бөкейдiң 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда Әлихан дүниеге келген. Ұлтының тарихын зерттей келе әйгiлi энциклопедист ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы, алты алаштың бiрлiгiнiң болмауы, соның салдарынан тәуелсiздiгiнен айырылуының ең басты сыры — бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупi төнген сәтте де өз билiгiндегi ру-жүздердi бiрiктiре алмауы екенiн бiледi. «Бұрынғының көбi, күш-қуатты тиiстi орнына жұмсамай, бiрiнiң көзiн бiрi шұқудан уақыты артылмады, iстегенiнiң бәрi жәбiр, залым болды; қылғанының бәрi зорлық-зомбылық едi» — деп жазды Әлихан Нұрмұхамедұлы 1913 жылы «Қазақ» газетiндегi «Қазақ тарихы» мақаласында. Сол себептi де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тiкелей ұрпағы ретiнде өзiн айыпты сезiндi, кең сахара даласында емiн-еркiн ғұмыр кешкен, өзiндiк салт-дәстүрi, мәдениетi бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегiп жiберген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кiнәсi мен халқының келешек тағдыры үшiн бар жауапкерлiктi өз мойнына алды. Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бiрiнде «Хан баласында қазақтың хақысы бар едi, тiрi болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» — деп жазды. Әлихан соңғы демi бiткенше осы сертiне адал болып қалды. Өзiнiң тарихи зерттеулерiнен соң жасаған Көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi Ә. Бөкейхановтың тағы бiр саяси маңызды тұжырымы — қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекеттi қалпына келтiру iс жүзiнде де, теория тұрғысынан дұрыс та, мүмкiн де емес. Қалың қазақты өзiн өзi билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсiздiкке де қайта қол жеткiзетiн жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшiсiнiң көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткiзу болды. Ғылымның әр саласын меңгерген ғалым XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесiнде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысқал ол 1896 жылы көрнектi ғалымдардың кепiлдемесiмен Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сiбiр бөлiмшесiнiң толық мүшесi болып сайланған. Әлихан «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектiң қазақ даласына арналған 18 томына автор ретiнде қатынасқан. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтiк саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды. 1904 жылы қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф.А. Шербина экспедициясының құрамында болды. 1911-14 жж. Әлихан Бөкейхан «Жаңа энциклопедиялық сөздiктiң» 4-21 томдарына автор ретiнде қатысты. Көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi осындай көп еңбектенудiң арқасында өз ұлты туралы көп нәрсеге көзi жетедi. Алашорда автономиялы үкiметiнiң тұңғыш төрағасы сол кездегi Алаш зиялылары сияқты әр саланың бiлгiрi. Ресми түрде атайтын болсақ — ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеудi ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрi публицист ретiнде қазақ халқының саяси әлеуметтiк, мәдени рухани тарихында өшпестей iз қалдырған ұлы тұлға. Әлихан бүгiнгi қазақ қоғамына несiмен қадiрлi? «Қазақ үшiн Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиiс емес. Ол идея бүгiн де өзiнiң мүдделi мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсiздiктiң тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», — дейдi белгiлi алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ол идеялар мыналар: Бiрiншi ұстаным: жер, жер және жер. Жерсiз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерiн қашан қазақтар өз бетiнше ғылым мен техникаға сүйенiп толық игермейiнше, жер жеке меншiкке де, қоныстанушыларға да берiлмейдi». Екiншi ұстаным: жердiң астындағы, үстiндегi, аспанындағы барлық игiлiк қазақ мемлекетiне қызмет етуi керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бiр түйiр тасы қазақтың өңiрiне түйме болып қадалу керек» болатын. Үшiншi ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерiнде өндiрiлген «бiр уыс жүн сол мемлекеттiң азаматтарының үстiне тоқыма болып киiлуi» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсiздiкке қол жеткiзуге ұмтылуы тиiс едi. Төртiншi нысана: қазақ мемлекетiнде мемлекет құрушы ұлттың тiл, дiн, дiл үстемдiгi болуы керек. Бесiншi, түпкi мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негiзделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгiсiндегi ұлттық-демократиялық мемлекет құру едi. Ал бұл идеялардың ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят сенi мен Махатма Гандиi — Әлихан Бөкейханов болатын. Сондықтан, көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi, Алаш қозғалысының жетекшiсi, Алашорда автономиялы үкiметiнiң төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов мұраларын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек.

15.03.2021
Қаралым саны: 2091