АБЫЛАЙ ХАН (1711-1781)

Абылай хан — қазак халқының әйгiлi ханы, Қазақстан тарихындағы аса белгiлi мемлекет қайраткерлерiнiң бiрi. Қазақ мемлекетiнiң пайда болуы мен өркендеуi және сыртқы саясаттағы жеңiстер оның есiмiмен байланысты. Абылайдың шын аты — Әбiлмансұр. Бiр ұрыста үлкен әкесiнiң аруағын шақырып, жауға «Абылайлап» шабады. Осыдан бастап ол Абылай атанып кетедi. Абылай 1711 жылы арғы тегi Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайтын белгiлi тұлғалардың шаңырағында дүниеге келген.

Абылай әкесi Уәлиден айырылып, жетiмдiктiң зардабын ерте тартады. Балалық шағы мен жасөспiрiм кезi қуғында өтедi. Ол атақты Төле бидiң бақташысы болған деп те айтады. Абылайдың аты жоңғарлармен болған шайқаста әйгiлi болады. Ұрыстардың бiрiнде жекпе-жекте жоңғардың батыры Шарышты өлтiрiп, «Абылай» деген ұранмен жауға карсы шығады. Қазақ жауынгерлерiне жiгер берiп, рухтандырып, шайқаста жеңiске жетедi. Осы жеңiстен соң ол Орта жүздiң сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделдi әмiршiлердiң бiрiне айналады.

1771 жылы Түркiстанда Абылайды ак киiзге көтерiп, қазақтардың үш жүзiнiң ханы етiп тағайындайды.

Абылай Қазақ мемлекетiнiң саяси бiрлiгiн қалпына келтiрiп, iрi мемлекетке айналдырды. Ресей мен Қытай арасында жүрiп, Қазақ хандығының тәуелсiздiгiн сақтап қалуға тырысты. Екi мемлекетпен арақатынасты бiрдей ұстап, халқының өз туған жерiнiң қожасы, өз тағдырының иесi болуын көкседi. Оның данышпандығы мен көрегендiгi арқасында кең байтақ Ұлы Далада ұзақ уақыт бойы бейбiт заман орнады.

Абылай хан он жыл билiк жүргiздi. Осы мерзiм iшiнде ешкiмнiң қолынан келе бермейтiн iстердi аткарды. Ол билiк жүргiзген он жылдың Дала тарихына Абылай дәуiрi боп кiруi тегiн емес. Сол уақытты қазақ халқы зор құрметпен еске алады.

Абылай хан 1781 жылы 70 жасында өмiрден қайтты. Тарихи ұлы түлғаның денесi Түркiстандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесiне қойылған. Халық жадында ол тәуелсiз Қазақ мемлекетiнiң символы iспеттес.

15.03.2021
Қаралым саны: 1955