ҚҰНАНБАЕВ АБАЙ(1845-1904)

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетiнiң және әдеби тiлiнiң негiзiн салушы — Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей облысы (қазiргi Шығыс Қазақстан облысы), Абай ауданының Шыңғыстау бауырында дүниеге келдi.

Абайды жеңгелерi екi шешенiң ортасында тәрбиеленуi себептi Телқара деп атап кеткен. Ауылда молдадан хат танып, он жасында Семейдегi Ахмет Риза медресесiне оқуға түседi. Үш жылдай оқып, дiн сабақтарымен қатар шығыстың ұлы классиктерi Науаи, Фзули, Саади, Хафиз, Шамси, Саихали шығармаларын оқып танысады.

Ел билеу iсiне Құнанбай Абайды баули бастайды. Абайды оқудан ерте тартып алуының себебi де осы болды. Ел қамы үшiн әдiлет жолын ұстанған Абайдың үстiнен арыздар жазылып, абақтыға да отырып шығады.

Абай жасы отыздан аса орыс әдебиетiмен таныса бастайды. Семейге айдауға жiберiлген Е.П.Михаэлис бастаған орыстың социал-демократтарымен танысып, өз бетiмен орыстың классиктерiнiң шығармаларын оқуға қол жеткiзедi.

Абайдың өмiрi мен шығармашылығындағы өзектi тақырыпты танып бiлу үшiн Құнанбай заманы мен Абай өмiр сүрген дәурдiң ерекшелiгiн, айырмасын жете бiлу маңызды.

Абайды оқып зерттеген жазушы М.Әуезовтiң атап көрсеткенiндей Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерiнiң рухани қазынасы болды. Оқи жүрiп, iштей толысып жетiле жүрiп ақындық өнердiң қоғамдық санада зор тәрбиелiк мәнiн танып, жасы қырықтан асқан шақта ақындық өнерге құлай бердi.

Адам болу мәселесi сонау тар қапас заманда дүниеге келген ұлы Абайды ерекше толғандырған. Мiне сондықтан да ақынның ғылым, бiлiмге шығарған өлеңдерi бүгiнгi күнге дейiн маңызын жоғалтқан емес. “Жасымда ғылым бар деп ескермедiм”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Бiлiмдiден шыққан сөз”, Әсемпаз болма әрнеге” атты өлеңдерiнiң негiзгi идеясы мен мақсаты — Абайдың ұрпақ тәрбиесiне арналғанын көремiз.

Абай өз заманының перзентi ретiнде сол дәуiр дайындаған көлемде ұлан-ғайыр еңбек еттi. Кемеңгер Абай өлеңдi сөздiң патшасы, сөз сарасы деп бағалады. Ол өлең құрылысы жағынан да жұп-жұмыр шығып, артық сөз, орынсыз ой қосылмай, өлеңнiң бас-аяғы теп-тегiс шығуын, мазмұн мен түр бiрлiгiн керек етедi. Сырты күмiс, iшi алтын болып өрнектелуiн акындар алдына жаңа әдебиеттiң эстетикалық мұраты ретiнде ұсынды.

Абайдың “Ескендiр” мен “Масғұт” дастан-поэмалары шығармашылық тәрбиесiмен жазылған, дәуiр шындығын дәл бейнелеуге талпынған шығармалар болды.

Абай өзiнiң қара сөздерiнде де адамгершiлiк мәселесiнде адамды ақылды талапты, қайратты болуға шақырады.

Абай 1904 жылы туған жерiнде қайтыс болып, сүйегi Жидебай деген жерге қойылды. Бүгiнде Жидебай — қонақтардың ақын өмiрiмен танысуда кең мағлұмат беретiн әдеби-мемориалдық мұражай болып қызмет етуде.

15.03.2021
Қаралым саны: 2013